Бас бет » 2017 » Қараша » 5 » Жаңатілектегі жаңашылдық
17:39
Жаңатілектегі жаңашылдық

Жаңатілек ауылында жеке кәсіпкерлер игі бастаманы қолға алып, қазақ спортының дамуына үлес қосарлық, жас палуандарға жол ашатын қазақша күрес залының ашылуына септігін тигізді.Шара барысында бір ауыздан ізгі тілек білдірген Жабай Мұсабаев, Алдамжар Алтынбек, Шаттық Көкенов, Нұрмұханбет Жүнісов, Омар Базарбай және ауыл әкімі Бағдат Кәрібай сынды азаматтар жұртшылықты ауылдағы жаңа қазақша күрес залының ашылуымен құттықтады. Осы залдан талай чемпиондар шығуына тілектестік білдірген Баянауыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жапаров залға екі кимоно, бір доп және бір теннис столын тарту етті. Кеш жалғасы мектеп қабырғасында волейбол, теннис, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінің жетістіктерінен құрылған оқушылар шеруіне ұласты.Бөлінгенін бөріге алдырмай, бірлік пен ұйымшылдықты тұтқа етіп ұстап отырған ауыл қазақша күрес залының ашылуына демеушілік көрсетіп, үлес қосқан Рамазан мен Сембай Қайыржанұлдарына, Алдамжар Кәрібай-ұлы, Аллаберген Кәукенұлы, Самат Оралтайұлы, Мұрат Асайынұлы, Төлеген Қабжуұлы, Жасыбай Аманжолұлы және Қалиасқар Хажайұлы, Шідербай Ыбышұлы, Назымбек Амантайұлы, Дархан Зейноллаұлы, Дәурен Мақсатұлы, Шахмардан Солтанұлы, Берік Ерсінұлы сынды азаматтарға халық ризашылықтарын білдірді. Жаңатілек ауылына аудан орталығынан қазақша күрестен жаттықтырушы қызметіне келген Айдын Мәжитовке ауыл халқы жиын барысында үлкен сенім артып отырғандықтарын жасырмады. Жиналған жұртшылық қазақша күреске енді қадам басқан спортшы балғындардың алғашқы күрестерін тамашалап, мәз болысты.

Жалпы, қазақша күрес қазақ халқының күре тамырына біткен спорт түрі. Қазақша күресте иықтан асыра лақтыру, яғни, лақтырылған балуан құламай орнында тұрып қалуы керек және әдіс қолданған балуан өзі құлай беріп, қарсыласын астына түсіру, қарсыласын жамбасқа салып жығу, іштен шалып жығу, сырттан шалып жығу, қарсыласын қырқа шалып жығу, яки, артқа құлату сынды әдістер қолданылады. Ал, күрескен кезде белдесе күресу барысында қолды белбеуден босатуға, қарсыласын ұруға, итеруге, тамақтан, саусақтан, құлақтан ұстауға, лақтырған кезде қарсыласын жерге басымен түсіруге рұқсат етілмейді. Және де құлап түскен қарсыласының аяғын, қолын, басқа да мүшелерін бұрауға, белбеуден басқа киімнен ұстауға, астында жатқан қарсыласын тіземен, шынтақпен нығарлап басуға болмайды. Қарсыласына белбеуден ұстамай қолданған әдіс-тәсілді орынды деп есептемейді. Белдесу барысында жеңіске жеткен балуан орнында қалады. Егер ол өзімен белдесуге шыққан жаңа балуанмен күресуден бас тартып, басқамен күресемін десе, онда оған рұқсат етіледі. Бірақ соңында жеңімпаз аталатын балуан біреу ғана. Оның барлық кездесуде де жауырыны жерге тимеуі керек.

Осы ережелер дала заңындай сақталар болса қазақ күресі қарыштап дамуына сеніммен қарауға болады.

 

Мұсабек СЕЙСЕНБЕКҰЛЫ.

Қараулар: 164 | Қосқан: bagadat | Рейтинг: 5.0/1
Пікірлердің жалпы саны: 0
avatar